Минск қаласында (Беларусь Республикасы) үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Медведь атындағы еркін күрестен 55-ші халықаралық Гран-при турнирі өтті. Беделді жарысқа әлемнің әр елінен келген мықты балуандар қатысты.
Аталған халықаралық додада Қазақстан намысын Республикалық спорт колледжінің студенті Едіге Қасымбек абыроймен қорғап, жоғары шеберлік көрсетіп, алтын жүлдені жеңіп алды.
Жас балуан 125 келі салмақ дәрежесінде белдесті. Финалдық белдесуде ол Беларусь елінің спортшысы Денис Хроменковпен күш сынасты. Жергілікті жанкүйерлердің қызу қолдауына қарамастан, Едіге Қасымбек шешуші белдесуді сенімді өткізіп, айқын жеңіске жетіп, турнир чемпионы атанды.

Минск төрінде көк байрағымызды желбіреткен Едіге Қасымбек отандық еркін күрестің болашағынан зор үміт күттіретін талантты спортшылардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұл жеңіс – спортшының табанды еңбегі мен бапкерлерінің жүйелі жұмысының нәтижесі.
Едіге Қасымбекке айбарлы жеңіс құтты болсын! Алдағы жарыстарда да толағай табыстар тілейміз!